Құрметті ақмолалықтар!

Шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні. Бұл мереке Ел басы қаулысымен Нұр-Сұлтан қаласында 2000 күйшінің басын біріктірген домбыраның қоңыр үнімен бекітілді. Сарыарқаның сайын даласын тербетіп домбыра күні атап өту дәстүрге айналып келеді.

Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым! Ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында тың бастамалар бой көтеріп, көптен бері қолдау таппай жүрген игі дүниелер қайта жаңғырып жатқаны да рас.

Елбасы айтып өткендей, аңыздармен аяланып, тарих сырын шертуге келгенде де Көкшетау-Бурабай өңірі күмбірлеп қоя береді. «Халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер» де осында.

Орынбай ақынның, Шөже, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың, Иманжүсіп Құтпанұлының есімдерін атасақ, даналық сөздерін толғап, толқынды әндерін айтсақ – Көкшетау қасиеттері, өзіндік даралығы толығып, елі мен жерінің шоқтығы биіктей түседі. Ән мен жырдың бесігі, сал мен серілердің елі, тектілік пен дегдарлықтың белі Көкшетау. Қасиетті рухани құндылықтар да, киелі жерлер де жетерлік. Домбыраны жанына серік еткен серілердің қатарында Көкшенің көк нөсеріндей жыр жауһарын төгіп Мұса Асайыновтай, Көкен Шәкеевтей ақындар да өткен. Елі есен тұрғанда халық ақын-жыршылары да жасай бермек, сұлу жырларынан бүгінгі ұрпақ сусындай бермек.

Бүгінгі Тәуелсіз еліміздің төрінде домбырамыздың шанағынан тек шаттық үні төгілсін! Ұлы байтақ даланың бүгінгі ұрпағы, асыл байлығымыз, рухымыздың күші – Домбырамызды ұлықтайық! Ұлтымыздың киесі болған домбыраның қасиетін қастерлеп, келер ұрпаққа жеткізейік!

Ақмола облысының әкімі,

Ермек Маржықпаев.

Читайте также